Өзбекстанда Әйтеке бидің 380 жылдығы тойланды
Науаи облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды шара үш күнге жалғасты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл тралы Kazinform агенттігі жарилады.
Атаулы мерекеге жер-жерден жоғары мәртелебі меймандар, шет елдердегі қазақтар мен Әйтеке бидің ұрпақтары жиналды. Алыстан келген қонақтарды жергілікті жұрт зор құрметпен қарсы алды.
Іс-шараға жиналғандар әуелі Нұрата тауы маңындағы кесенеге барып, баба басына зиярат етті, артынша ас берілді.
Аталған аудан қазақ, өзбек және қарақалпақ халықтарының жиі ат ізін салатын мекені. Өйткені, мұнда Әйтеке би мен оның бабасы Сейітқұл әулие жерленген. Қос тарихи тұлғаның зираты екі ел арасын рухани тұрғыда байланыстырып тұрғандай. Себебі тәу етер орынға жыл сайын мыңдаған мейман келеді.
Тарихи деректерге сай, Сейітқұл әулие ХVI ғасырда Қазалы өңірінен Нұратаға 40 мың алшын отбасымен қоныс аударған. Кейін осы өлкеден қажылық сапарға аттанып, дін жолына түседі. Ал Әйтеке болса 25 жасында би атанып, ерекше қабілетімен дараланады.
Қазір Науаи облысының әкімдігі мен жергілікті қандастар бабаның зират басын күтіп-баптап отыр. Көктем шыға кешен маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ал музейдің ғимараты таяуда ғана күрделі жөндеуден өтті.
380 жылдыққа 3 мыңнан астам қазақстандық өнерпаз арнайы концерттік бағдарламамен келді. Тұтас қазаққа қадірлі тұлғаның өнегелі өмір жолы халықаралық ақындар айтысында насихатталып, одан кейін Кенимех ауданында көкпар берілді. Онда еліміздің бірқатар аймағынан және Ресей, Германиядан келген қазақтар мен жергілікті қандастардың басы қосылды.
Іс-шараға қатысқан Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов Науаи облысының хокимі Нормат Турсуновпен кездесіп, екі халықтың ортақ тарихы мен қазіргі қазақ-өзбек қатынасын нығайтуға бағытталған игі істерге тоқталды. Бұған қоса ол 380 жылдықты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті әкімдікке алғысын білдірді.
Науаи облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Әйтеке бидің кесенесіне жыл сайын 7-8 мың адам зиярат етеді. Ал биыл оның қатары еселеп артып отыр.