Еуразия1 ақпан 2024, 20:38

Өзбекстанда бірқатар қазақ жазушыcының мерейтойы аталып өтеді

Биыл Өзбекстанда қазақ жазушыларының мерейтойын атап өту жоспарланып отыр. Бұл туралы Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің отырысында айтылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады. 

Жиын барысында әдебиет жанашырлары былтыр жарық көрген Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің еңбектеріне тоқталды. Өткен жылы жазушы, қазақ-өзбек әдебиетінің зерттеушісі Қалдыбек Сейдановтың «Көңілдегі көрікті ойлар» кітабы, ақын Мұқан Рахманұлының «Жүрегім жыр толғайды» атты жыр жинағы баспадан шыққан. 

«2023 жылы Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің, атап айтқанда Қалдыбек Сейдановтың, Лала Жүнісқызының, Ақшагүл Төлегенованың өлеңдері өзбек тіліне аударылып, «Өзбекстан – Отаным менің» жыр жинағына енді. Мұның барлығы атқарылған үлкен жұмыстардың нәтижесі», - деді Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педогогикалық университетінің профессоры Анаргүл Қалдыбекова. 

Сонымен қатар өткен жылы Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Абдулла Рүстемовтің «Ҳаёт - муаллим» (Өмір – ұстаз) кітабы жарық көрген. Бұған қоса оның аудармасымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарихшы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты монографиялық туындысы өзбектілді оқырманға ұсынылды. Ал ақын, аудармашы Сапарбек Иманбеков Өзбекстанның халық ақыны Абдулла Ариповтың «Алғашқы махаббатым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне аударды. 

Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің өкілдері биыл Өзбекстанда Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаев пен Әбдіжамал Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтетінін мәлім етті. Оның барысында дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар мен әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Бірнеше әдеби еңбектің авторы, жазушы Ахан Тәшметовтің айтуынша, Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің қатары жыл сайын толығып келеді. 

«Өзбекстандағы қазақ әдебиетіне көрсетіліп жатқан қолдау ерекше. Кейінгі жылдары мемлекетаралық байланыстар қарқынды дамып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени, рухани қарым-қатынас нығая түсті. Содан болса керек, қазір Өзбекстанда қазақ қаламгерлерінің қатары артып келеді. Таяуда ғана арамыздағы үш азамат Өзбекстанның Жазушылар одағына мүше атанды. Мұндағы қазақ қаламгерлерінің өзіндік стилі бар, ортақ әдебиетке қосар үлесі мол», - деп түйіндеді Ахан Тәшметов.

Өзбекстан қазақ жазушылары мерейтой

Тақырыпқа жаңалықтар