Еуразия21 мамыр 2024, 9:12

Қырғызстан президенті Бішкектегі оқиға жөнінде үндеу жасады

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 17-18 мамырда Бішкекте болған оқиға бойынша қырғызстандықтарға бейнеүндеу жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Қырғыз көшбасшысы мемлекеттің қоғам өмірінде барлығын алаңдататын жағымсыз оқиғаға тап болғанын атап өтті. Оқиғаның мәнін түсінбей, арандатушылыққа бой алдырған топтардың әрекетінен қырғыз халқы мен мемлекетінің көп бөлігі сын-қатерге ұшырады.

«18 мамыр күні интернетте 13 мамырда болған оқиға туралы әртүрлі ақпарат пен бейнематериалдардың таралуының қандай салдарға әкеп соққанын көрдік. Егер құқық қорғау органдары жедел шаралар қабылдап, өз іс-әрекеттерін жұртшылыққа дер кезінде түсіндіргенде, мұндай ушығу болмас еді. Ішкі істер министрлігі 13 мамырда болған оқиғаға кінәлілерді ұстады және жедел әрекет етті. Бірақ, өкінішке қарай, жағдайды шиеленістіруге мүдделі басқа күштер мұны пайдаланып кетті. Біздің патриоттық көзқарастағы жастарымыздың шетелдік азаматтардың заңсыз көші-қонын тоқтату және мұндай қызметке жол беретіндерге қатысты қатаң шаралар қабылдау талаптары, әрине, дұрыс. Мұндай талаптар бұрын да қойылған. Тиісті мекемелер бұл мәселелерді талдап, қажетті шараларды қабылдай бастағаны белгілі», - деді ол.

Заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтау жұмыстарын МҰҚК және ІІМ жүргізді.

«Алайда сіздер интернеттегі кез келген хабарға сеніп, жағдайды объективті бағалай алмай, ұлттық алауыздықты қоздыратын арандатушылық үндеулерге бой алдырдыңыздар және біздің даму жолына түскен мемлекетімізге және ежелгі заманнан бергі қонақжайлылығымен танымал халыққа зиян келтірдіңіздер. Бұл өте өкінішті!» - деп атап өтті С.Жапаров.

Қырғызстан президенті 13 мамырдағы оқиға тергеліп жатқанда кінәлілер ұсталғанын, жағдайдың мән-жайы анықталғанын жеткізді. Бұл оқиға туралы видео 18 мамырда интернетке жүктелді және бұл жастарды одан әрі арандатып, жалған ұлтжандылық сезімін тудыратын интернет-посттармен бірге таралған.

«Билікке келе алмағандар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті құптамайтындар және бас бостандығынан айырылғандар әдейі арандатушылық ақпарат тарату үшін WhatsApp топтар мен жалған аккаунттар құрған», - деді президент.

18 мамырға қараған түні жағдайдың одан әрі шиеленісуіне және одан да ауыр оқиғаларға жол бермеу үшін көшеге шыққан жастарды тоқтатуға күш-жігер жұмсалған.

«Жастардың күш қолдану арқылы таратылмағаны баршаға аян. Олардың арасында қару-жарақпен тәртіпсіздік жасағысы келетіндер бар екені жедел хабарланды. Милиция қызметкерлері адамдарды күшпен тарата бастағанда, олардың арасында блогерлер мен арандатушылар дайын тұрды және билік әдеттегідей қырғыздарды қорғаудың орнына басқаларды қолдады және өз халқын қорлай бастайды деп, жаппай көтеріліске шақыратын бейнехабарлама таратуды жоспарлаған», - деді ол.

С.Жапаровтың айтуынша, Қырғызстанның жас патриоттары осы бір қауіпті жағдай туралы білмеген, жастар мен бүкіл халық бұл лаңға сеніп кете жаздаған.

«Мен күш құрылымдарына жағдайды бақылауға алуға, жастармен үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және еш қақтығыссыз тұрақтандыруға тырысуға бұйрық бердім», - деп түсіндірді ел президенті.

Президент тонау, полицияға шабуыл немесе жатақханалардағы студенттерге шабуыл басталған жағдайда қатаң шаралар қабылданатынын айтты.

«Бақытымызға орай, ештеңе жоқ. Әрине, басында студенттердің тұрғылықты жеріне шабуыл жасамақ болған бұзақылар болды. Біз оларды тоқтата алдық. Енді олардың барлығы тиісті жазаға тартылады. Біз құқықтық мемлекет құрдық. Енді тәртіп орнатамыз. Тәртіп болмаса, ешқандай мемлекет дами алмайды. Қылмыскерлерді еш тергеусіз, айуандықпен жазалауға жол берілмейді. Жазалау үшін сот бар, билік бар. Біз бұл жағдайдан маңызды сабақ алдық. Бұдан былай халық мұндай үндеулерді арандатушылыққа бой алдырмай, байыппен және сақтықпен қарайды деп үміттенеміз. Егер мұндай оқиға қайталанса, алғашқы минуттардан-ақ күшпен тарқату басталады. Қырғызстан азаматы немесе шетелдік болса да, мемлекетіміздің тұтастығына қол сұққандар немесе тәртіпсіздік жасағандар қатаң жазаланады», - деді С.Жапаров.

Садыр Жапаров туризм және еңбек көші-қоны мәселелерін қозғай отырып, елдің өздігінен дамымайтынын, сыртқы әлеммен тығыз байланыста алға жылжып келе жатқанын атап өтті. Болған оқиға Қырғызстандағы және қырғыз еңбек мигранттары арасындағы келім-кетімге әсер етеді.

«Мұны айтқан себебім, біз сыртқы әлеммен қарым-қатынасымызды, дамып келе жатқан инвестицияларды, туризмді және қонақжайлылық әдетімізді бұзбауға тырысуымыз керек. Шетелде жүрген ұлдарымыз бен қыздарымыз да осындай көзқарасқа тап болуы мүмкін екенін есте ұстайық. Бұл туралы дұрыс ойлана алатын және өз іс-әрекетіне мұқият қарайтын барлық отандасымыз айтып жатыр», - дейді ол.

Статистикаға сәйкес, бүгінде Қырғызстанда 6,5 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр.

«Алдағы жылдары тағы он мыңдаған жұмыс орны ашылады, өйткені біз үлкен жобаларды жүзеге асыра бастаймыз. Біздің отандастарымыз бұл жұмыс орындарына бармайтындықтан, біздің кәсіпкерлер шетелдік еңбек мигранттарын шақырып, олармен келісімшарт жасасуға мәжбүр. Егер қазір олар жұмысқа қабылданбаса және жұмыс күшінің жетіспеушілігі туындаса, іске қосылған кәсіпорындар тоқтайды. Кәсіпкерлер банкротқа ұшырайды. Біздің экономикамыз көтерілмейді», - деді ол.

Қазіргі уақытта Қырғызстанда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының саны небәрі 5 мың 322 адам. Оған қоса, 42 620 шетелдік студент бар.

«Біз бұған қуануымыз керек. Алайда жақында болған жағымсыз оқиғалар біздің ұмтылысымыз бен құндылықтарымызға сәйкес келмеді», - деді спикер.

С.Жапаров Қырғызстанның елге зиян келтіретін, халықтың мүдделеріне нұқсан келтіретін және қоғамның моральдық принциптерін бұзатын барлық заңсыз әрекеттерден бас тартатынын айтты.

Ол жастарды шыдамдылық танытуға және күмәнді үндеулерге көнбеуге шақырды. Қырғыз жастарын көшеге шығарып, кешегідей оқиғалар жасап, өздерінің қастандық ойы үшін пайдаланатындарға қарсы қатаң шаралар қабылданатынын ескертті. Сондай-ақ, өз тағдырын мемлекетке сеніп тапсырған адамдардың тыныштығы, елдің бірлігі, қадір-қасиеті, оның дамуы көптеген арандатушылардан әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

«Біз елді құқықтық алаңға шығару арқылы дамытуға ант бердік. Бәріміз әділет алдында, ұлттық заңдар алдында теңбіз! Біреуді жоғары, біреуді төмен көруге және алалауға құқығымыз жоқ. Мұны біздің елге келген қонақтарымыз жақсы біледі және түсінеді. Бұдан былай тәртіптің талабы қатаң болады. Елімізде бейбітшілік, келісім және даму болады», - деп қорытындылады Қырғызстан президенті.

Қырғызстан президенті Бішкектегі оқиға Үндеу

Тақырыпқа жаңалықтар