Әлем19 мамыр 2024, 18:21

Ауғанстандағы атыстан 6 адам қаза тапты

Ауғанстанның орталығындағы Бамиан қаласында атыс болып, үш ауғанстандық және үш испаниялық азамат оққа ұшты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы БЕЛТА ақпарат агенттігі жазды.

Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, базарда жүрген адамдарға оқ атылған.

Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Абдул Матин Кани атыстан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың денелері Кабулға жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ ол жараланған 8 адамның 4-еуі – шетел азаматы екенін жеткізді.

Жергілікті телеарна ақпарат көздерінің хабарлауынша, жарақат алғандар Норвегия, Аустралия, Литва және Испаниядан келген.

Ведомство өкілі оқиғаға қатысты тергеудің жалғасып жатқанын және 7 күдіктінің қамауға алынғанын тілге тиек етті. Әзірге ешбір қылмыстық топ шабуыл жасағанын мойындамаған.

«Ауғанстанда испаниялық туристердің қаза тапқаны туралы жайсыз хабар ел тұрғындарының еңсесін түсірді», - деп жазды Испания премьер-министрі Педро Санчес X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Испания сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес құрбандардың денелері жексенбі күні Испанияға жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, Бамиан – Ауғанстандағы танымал туристік қала. Көптеген турист бұл жерге Будда мүсіндерін көру үшін келеді.

Ауғанстан 6 адам қаза тапты тыс

Тақырыпқа жаңалықтар