Ресейлік депутаттар өлім жазасын қайтару туралы айта бастады
Ресейлік депутаттар өлім жазасын қайтару туралы айта бастады. Олар Конституциялық сотқа сауал жолдамақшы. Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин Ресейде өлім жазасын қайтару мүмкіндігіне қатысты сөз сөйледі. Ол «Конституцияда да, қылмыстық заңнамада да өлім жазасын ешкім алып тастамағанын» айтып, Ресейде Еуропа Кеңесі алдындағы міндеттемелері аясында оған мораторий енгізілгенін еске салды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Мораторийді алып тастау үшін Конституциялық соттың шешімі ғана жеткілікті, деп есептейді Володин.
Ол Мемлекеттік Думада өлім жазасын қолдану және көші-қон саясатына қатысты заңнаманы талдау үшін фракцияаралық топ құруды ұсынды.
Бұған дейін Мемлекеттік Думаның жалпы отырысында "ЛДПР" партиясының жетекшісі Леонид Слуцкий лаңкестерге қатысты өлім жазасына мораторийді алып тастауды жақтаған болатын.
"Справедливой России - За правду" партиясының төрағасы Сергей Миронов бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынды, ал РФ Коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюганов "Крокустағы" теракт жасағандардың «жер басып жүруге еш құқығы жоқ» деп мәлімдеді.
Ал аннексияланған Қырымнан шыққан Мемлекеттік Думаның «депутаты» Михаил Шеремет "РИА Новостиге" Ресей Конституциялық сотына өлім жазасына мораторийді алып тастаудың заңды негіздеріне қатысты сауал жолдайтынын айтты.