Танымал биші жігіт қыздармен төбелесіп ұятқа қалды
Әлеуметтік желіде Бішкектегі Sheraton қонақүйінде болған жанжалдың видеосы тарады. Кадрлардан танымал қырғызстандық биші Жан Воиновты байқауға болады, деп хабарлайды Arbat.Media Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Бес жұлдызды қонақүйдің бейнебақылау камераларына қонақтар арасындағы жанжал түсіп қалған. Төбелес бассейн маңында басталған. Онда жігіттердің бірі үш қызды суға лақтырып жібергені көрінеді. Кейін ол қонақүйдің фойесінде жалғасып, бұл жерде қыздар арасында төбелес болып, оған ер адамдар да араласқанын байқауға болады.
Басылым мәліметінше, жанжалға қатысқан қыздардың бірі - Қырғызстандағы танымал биші Жан Воиновтың әйелі Зарина Алмасова және оның ағасы. Сондай-ақ, төбелеске Жан Воиновтың өзі де қатысып, адамдарды пышақпен қорқытты деген де ақпарат бар.
Бішкектегі Первомай аудандық ішкі істер басқармасы бұл оқиға 30 маусымда түнгі 01:00 шамасында болғанын растады. Үш қыз милицияға арыз жазған.
1 шілдеде қыздарды суға итерген жігіттің кім екені анықталды. Ол 31 жастағы А.Р. болып шықты. Сол күні ол ұсталып, бір айға тергеу изоляторына қамалды.
Бүгін Бішкекте биші әрі кәсіпкер Жан Воиновтың екі күзетшісі ұсталғаны белгілі болды.
"Бұл іс бойынша тағы үш адам, оның ішінде Жан Воиновтың әйелі Зарина да қамауға алынуға тиіс. Бірақ оның екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін алға тартып, қамауға алынбай отыр. Алайда заң бойынша, оны кем дегенде уақытша ұстау изоляторына қамау керек еді, одан кейін сотқа жеткізіліп, бұлтартпау шарасы таңдалуға тиіс болатын", – деді адвокат Шердор Абдықапаров.