Placeholder
Фото: twitter.com/10DowningStreet
10DowningStreet
Әлем10 қыркүйек 2024, 9:45

Ұлыбритания Еуроодаққа қайта орала ма?

Тұманды Альбион Еуроодақ елдерімен қайтадан тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Брекситтен кейін қош айтысқан Лондон көршілерімен экономика, қорғаныс және қауіпсіздік бағыттары бойынша біріге әрекет етпек. Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Кир Стармер Германия және Францияға іссапармен барып, әріптестерімен кездесті. Тараптар қандай мәмілеге келді және аралары суып қалған мемлекеттер байланыстарын қайта нығайта ала ма? Кир Стармер премьер-министр қызметіндегі алғашқы ресми сапарын Берлин мен Парижден бастады. Лейбористер сайлауда жеңіске жеткен кезде-ақ мұны алдын ала болжау мүмкін еді. Бірақ кездесулердің мазмұны мен нақты мақсаты белгісіз болды. Ал енді Стармердің Германия және Франция мемлекеттерінің басшыларымен не үшін кездескені, басқосулардың мақсаты мен мазмұны айқындалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Ұлыбритания тарихи шешім қабылдады. Британиялықтар Еуропалық одақтан шықты. Бірақ біз доспыз. Біз бәріміз бір құрлықта өмір сүріп жатырмыз. Біздің пікірімізше, қос елдің және Еуропалық одақ пен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты мүмкіндігінше жақсартуға шынымен де негіз бар», — деді Германия канцлері Олаф Шольц.

Лейбористер көрші елдермен тату болып, тірлігін домалатқысы келеді. Бұл туралы өз манифесінде тайға таңба басқандай жазып та қойды. Бірақ Брекситті доғарып, бірыңғай нарыққа қосылғысы жоқ. Сайлау кезінде бұл мәселе күн тәртібінде тұрған да емес. Дегенмен Брекситті жұмсарту идеясы, әлбетте, ерекше маңызға ие. Лейбористер Еуропамен бірнеше бағыт бойынша байланыс орнатуға ниетті. Әсіресе қауіпсіздік саласында.

«Еуропамен байланысты қайта қарау мәселесін біз қос қолдап қолдаймыз. Мен бұл туралы бүгін тағы қайталадым. Еуроодақпен байланысты жаңғырту керек. Бірақ бұл Брекситті болдырмау, ортақ нарық пен кедендік одаққа қайта кіру дегенді білдірмейді. Бұл экономика, қорғаныс және басқа да салалар бойынша тығыз қарым-қатынас орнату дегенге саяды», — деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Стармердің жаңғырту сөзін не үшін жақсы көретіні түсінікті. Бұл сөз жаңаша ойлау, қайтадан бастау, басымдықтарды өзгерту дегенді білдіреді. Ең бастысы қарым-қатынастың нақты қай бағытта дамитыны және қайда жеткізетіні туралы хабар бермейді. Байланыстарды жаңғырту туралы Кир Стармер Парижде де айтты. Ол Эммануэль Макронды да құшақтап, күлімсіреді де Елисей сарайында әңгіме-дүкен құрды.

Камералар алдында қол алысу оңай. Ең қиыны ортақ келісімге келіп, маңызды құжаттарға қол қою. Кир Стармер түпкі мақсатынан гөрі нені қаламайтынын кесіп айтты. Сауалнамаларға сәйкес сайлаушылардың басым көпшілігі Еуродақтан шығу қате екенін мойындап отыр. Бірақ премьер-министр Ұлыбританияның одаққа қайта мүше болғанын көз алдына елестете алмайтынын жасырмады.

Лейбористердің манифесінде өзара сауда-саттықтағы керек емес кедергілерді жойып, текетірестерді азайту туралы уәде берілгені белгілі. Стармер бұдан әрірек батыл қадам жасауға үзілді-кесілді қарсы болып отыр.

«Әзірге біз іс-жүзінде байланыстарды жаңғыртудың нақты белгілерін байқамадық. Шын мәнінде, керек десеңіз, премьер-министр өте сақтық танытып отырған сияқты. Яғни Британия Еуроодақтың талаптарымен келіскісі жоқ. Бұл жағдайда Еуропамен сауда-саттық қарым-қатынасы жақсара түседі деп айту қиын», — дейді Халықаралық саяси экономика еуропалық орталығының британиялық директоры Дэвид Хенинг.

Басқа сарапшылардың пікірінше, «төмен салбырап тұрған жемістерді жұлып алудың орнына үкімет қолжетімсіз мақсаттарға ұмтылғандай. Ал оларды қамтамасыз ету оңайға соқпайды». Ақыр аяғында Ұлыбритания құрлықтағы әріптестерінің ұсыныстарын қабылдап, Еуроодақтың айтқанына көнуіне тура келеді. Ал әзірге майда-шүйдені қанағат тұтқаннан басқа амалы жоқ.

«Сауда-саттық бойынша Стармер көпшілік алдында көп нәрсе сұрап отырған жоқ: азық-түлік саудасында кедергілерді азайтып, ветеринарлық келісімге отыру, гастрольде жүрген музыканттар мен әртістерге кедергі келтірмеу, кәсіби біліктілікті өзара мойындау. Былайша айтқанда, бұл аса маңызды мәселелер емес», — дейді «Өзгеруші Европадағы Ұлыбритания» бағдарламасының директоры Ананд Менон.

Даунинг-стриттегілер Ла-Манштың арғы бетіне барып, әріптестерімен кездескеніне дән риза. Олай болмағанда ше?! Бұған дейін Британ көшелеріндегі иммигранттарға қарсы зорлық-зомбылыққа толы ереуілдер және Стармердің «жағдай жақсарғанша, біраз әбігерге түсеміз» деп халық алдындағы сөзі үкімет мүшелерін әбден зорықтырса керек.

 

Ұлыбритания Еуроодақ сараптама

Тақырыпқа жаңалықтар