Алматыда жол апатынан жастар көз жұмды
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына байланысты марқұмдардың жақындары күдікті әлі бостандықта жүргенін айтып, істің әділ тергелуін талап етіп жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қайғылы оқиға 21 наурыз күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr 9X автокөлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы қыз қаза тапты. Ал жол талғамайтын көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алған.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Zeekr көлігін 32 жастағы алматылық кәсіпкер басқарған. Куәгерлердің айтуынша, ол түні көлік басқа автокөлікпен жарысқан болуы мүмкін.
Қаза тапқандардың жақындары әлеуметтік желіде ауыр қайғыға толы жазбалар жариялап жатыр. Марқұмдардың туыстары мен достары істің ашық қаралуын және кінәлілердің жазалануын талап етті. Сонымен қатар олар биліктен бұл істі жеке бақылауға алуды сұраған.