Ақтауда «абысын-ажын» сайысы өтті
Сайыс республикалық деңгейде ұйымдастырылып, оған Маңғыстау мен Атырау облыстарынан 70-ке жуық адам қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Шараның мақсаты — бір отбасындағы келіндердің өнегелі қарым-қатынасын көрсету, ұрпаққа отбасы бірлігін, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты насихаттау, - деп жазады Kazinform агенттігі.
— Ұрпақтар сабақтастығын насихаттау керек. Жол көрсететін мына біздер — аналармыз. Бұл шараға келгеніме өте қуаныштымын. Көп ой түйіп жатырмыз. Білмегенімізді біліп жатырмыз. Үлкен буыннан үйренеріміз көп. Кейінгі буынға беререміз де көп деп есептеймін, — дейді Атырау облысының тұрғыны Армангүл Асқарова.
«Абысын-ажын» байқауы облыста осымен 4-ші рет өтіп отыр. Қатысушылар алдымен амандасып, өнерін, шеберлігін көрсетті. Содан соң әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтарға жауап беріп сынға түсті.
- Маңғыстау салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған өлке. Сол бүгінгі шарада көрініс тауып жатыр. Біз байқау арқылы татулықты ту еткен, бір үйдің, бүкіл әулеттің түтінін түтетіп отырған жас келіндердің, жас аналардың өмір салтын көрсете отырып, отбасы татулығын насихаттаймыз, — дейді сайысты ұйымдастырушы, қоғам белсендісі Бибігүл Рамазанова.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдеге Маңғыстау ауданынан қатысқан Бекмағұловтар әулетінің келіндері ие болды. Жеңімпаздарға 300 мың теңге берілді.