Интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударылған
Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-казинолардың заңсыз жұмысына көмектескен тұлғаларға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздеріне тиесілі үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік онлайн-казиноларға ақша аударған. Олардың арасында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN бар.
Заңсыз аударымдардың жалпы сомасы 191 млрд теңгеге жеткен. Ал күдіктілердің комиссиядан тапқан табысы 286 млн теңгені құраған.
Ақша аударымдарының шынайы мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректері пайдаланылған. Төлемдер тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде рәсімделген. Қаражаттың бір бөлігі криптовалюта арқылы шетелге шығарылған.
Қылмысты ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Сот шешімімен төрт көлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.