Қазақстан жаңалықтары10 сәуір 2024, 8:00

Ақтөбеде су сору, құм төсеу мен комиссия жұмысы онлайн бақылауда

Ақтөбе облысындағы Ахуалдық орталық Жедел штабпен бірге жұмыс істеп тұр. Мұнда кімге қандай көмек қажет екені, қаладағы су сору, құм төсеу жұмыстарымен бірге арнайы комиссия жұмысы онлайн бақыланады. 17 күнде 20 мыңға жуық қоңыру қабылданды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Ақтөбе облысында су тасқыны кезеңі басталған кезде тұрғындар шағымы мен өтінішін қабылдайтын Ахуалдық орталық үздіксіз жұмыс тәртібіне көшті.

Мұндағы диспетчерлердің қатарына облыстық ТЖД қызметкерлері, жедел штаб өкілдері қосылды. Қоңырау шалғандар саны күрт артып, диспетчерлер минут емес, секунд сайын жауап берді.

Ахуалдық орталық диспетчерлері қоңырау қабылдайды, ал сараптама бөлімі талдау жүргізеді. 24-наурызда мұнда 300-ден астам, ал 27-наурыз күні 1900-ге жуық қоңырау түсіп, тасқынға қарсы күрес жұмысы күшейтілді. Бұл күні Ақтөбе қаласында төтенше жағдай қабылданып, эвакуациялау жұмысы жүргізілді. 

Шығынды есептеу комиссиясының жұмысын сұрап жатқан адам көп

Үйін су басқан ақтөбеліктер қазір бір реттік төлем, шығынды өтеу сұрақтарын қойып, 109 нөміріне хабарласып жатыр. Қазір Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, ал өзге аудандарда 100 АЕК ретінде бекітілген көмекті алып жатқандар саны күн санап артып келеді.

Ақтөбеліктер арасында «көлігім бар, құмды өзім аламын, көмектесемін» деген еріктілерге карьерден құм тиеуге мүмкіндік берілді. Ол үшін де адамдар 109 нөміріне қоңырау шалып, алдын ала ескертеді. Ал Ахуалдық орталық пен Жедел штаб көлік нөмірін карьерге жауаптыларға беріп, құм тиеуге жағдай жасалады. 

9-сәуір сағат 14:00-дегі ақпарат бойынша су тасқыны кезеңінде 180 мың текше метр сорылды. Сонымен бірге 59 мың тонна құм жеткізілді. Ахуалдық орталықта арнайы техникалардың, ассенизаторлардың қайда жүргені, қанша уақыт аялдағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әрқайсысына навигатор қондырылған.

Ақтөбедегі Ахуалдық орталық мамандары су тасқыны кезеңінде ландшафт картаны да пайдалана бастады. Мағаджан бөгеті бұзылған кезде судың қалай қарай ағатыны, қай ауылдарға қауіп төнгені алдын ала хабарланды. 

Сонымен бірге Ахуалдық орталық мамандары Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы жағдайды да бақылап отыр. Орталық жетекшісі Ерлан Мұқанның хабарлауынша, мұнда жағдай тұрақты. Сонымен бірге бүгін облыс орталығы Ақтөбе қаласында адамдар эвакуацияланбады. Қалада жағдай тұрақталып келеді.

Тұрғындар өтініші Dara bala платформасына енгізілді

Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтінішін әкімдіктердегі мамандар қабылдайды. Кейін құжаттардың көшірмесі Dara bala платформасына енгізеді. Бұл ашықтықты қамтамасыз ететін жүйе.

 

 

Ақтөбе Ахуалдық орталық

Тақырыпқа жаңалықтар