Ақтөбеде жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды

Ақтөбе облысында полиция республикалық маңызы бар Ақтөбе – Орынбор автожолында, Қурайлы ауылының маңында болған жол апаты бойынша тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қайғылы жағдай, кеше, 25 қаңтар күні шамамен сағат 17:00-де болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтөбеден Мәртөк ауылы бағытына бет алған Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Hyundai Solaris көлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Honda бағытын өзгертіп, қарсы келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігіне соғылған.

Апат салдарынан ВАЗ-2110 көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам — Honda Odyssey көлігінің жолаушысы мен ВАЗ-2110 көлігінің бір жолаушысы — жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.

Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

облыс Ақтөбе Апат Қаза

Тақырыпқа жаңалықтар