Ақтөбедегі 5 адам мерт болған жол апаты: Жүргізуші 5 жылға сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова
Altınay Sağındıqova
Қазақстан жаңалықтары10 қазан 2024, 19:20

Ақтөбедегі 5 адам мерт болған жол апаты: Жүргізуші 5 жылға сотталды

Самара-Шымкент тасжолындағы жол-көлік апаты кезінде рульде болған жүргізуші — аудандық полиция бөлімінің қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сол жол апаты кезінде ата-анасы мен бауырларынан айырылды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы соңғы сөзін айтып, кінәсін мойындады. Мемлекеттік айыптаушы 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, ал қорғаушы бұл жаза ата-анасы мен бауырынан айырылған сотталушы үшін қатаң деп есептейтінін жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

- Қорғауымдағы Қыдыров тағылған айыпты толық мойындады. Істеген іс-әрекетіне өкінетінін айтты. «Анамнан, әкемнен, бауырымнан, ағамның екі баласынан айырылдым» деді. Бәрі бір туғандар. Соттан бас бостандығынан айырмайтын жазаны сұрадық, - деді қорғаушы Ғабит Рүстемов.

Судья Алтынбек Сабыров бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

- І. Қыдыров ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп талынып, оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қыдыровтың жаза өтеу орны Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі деп белгіленсін, - деді судья Алтынбек Сабыров.

Сот үкіміне Ақтөбе облысындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері онлайн, қаладағы құқық қорғаушылар оффлайн қатысты. Себебі рульде болған сотталушы Хромтау аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген.

Еске салсақ, тамыз айының соңында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, 5 адам көз жұмды. Оқиға Самара-Шымкент тасжолының Әлия ауылы маңында болды.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 824 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 121 адам көз жұмып, мыңнан асам адам жараланды.

Ақтөбе Жол апаты сот жүргізуші

Тақырыпқа жаңалықтар