Астанада Боранбаевқа тиесілі болған фитнес-орталық 2,3 миллиард теңгеге сатылды
Бұрын кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Fitnation спорттық-сауықтыру кешені аукцион арқылы сатылды. Нысан 2 миллиард 305 миллион теңгеге бағаланды. Бұл бастапқы бағадан 266 миллион теңгеге қымбат, деп хабарлайды Arbat.Media.
Сауда-саттықты Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы өткізген. Бұған дейін спорт кешені елорда әкімдігіне қарасты «Дәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансында болған.
Fitnation спорт кешені Астананың Нұра ауданында, Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан. Қосымша құрылыстарын қоса есептегендегі ғимараттың жалпы аумағы - 4 043,4 шаршы метр.
Нысанды жекешелендіру жоспары туралы биыл сәуірде белгілі болған. Үкімет қаулысына сәйкес, спорт кешені жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне енгізілген.