Астанада полиция Ulysmedia тілшісін ұстады

Редакцияның хабарлауынша, журналист балаларының қазасын әділ тергеуді талап етпек болып, президент әкімшілігіне хат тапсырғысы келген аналар жиналған жерге барған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұған дейін полиция үш ананы ұстап әкеткенін Азаттық хабарлаған еді. Ақпаратқа қарағанда, полиция журналисті де белгісіз себеппен ұстап әкеткен.

“Әйелдер балаларының суреттерін ұстап тұрды. Арасында Алматыда үйінің ауласында дарға асулы күйде табылған оқушы қыз Адель Ақанованың суреті де бар. Анасы Айнагүл Беисова қызын өлтіріп кеткеніне сенімді. Бұған қоса, Ақнәр Гүлістанның анасы да келді” деп жазды редакция.

Masa.media-ның жазуынша, полиция қызметкерлері журналистің телефонын тартып алып, оқиға орнынан түсірілген материалдардың бәрін өшірген. Есіл аудандық полициясында бір сағаттан астам уақыт ұстап, түсініктеме жазуға мәжбүрлеп, кейін босатқан.

 

Ата-аналар балаларының қазасын әділ тергеуді, олардың өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді. Құқық қорғаушы Инга Иманбайдың айтуынша, олар президент әкімшілігі кеңсесіне де кіре алмаған, өтініштері де қабылданбаған.

Азаттық Астана полициясына хабарласқанмен баспасөз хатшысы әзірге телефонына жауап бермеді.

Тілші Астана Марқұм Прокуратура

Тақырыпқа жаңалықтар