Астанада түнде бірнеше көлік соқтығысты
Астанада түнде бірнеше көлік соқтығысты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Ақан сері мен Василий Радлов көшелерінің қиылысында BMW көлігінің жүргізушісі Chevrolet көлігімен соқтығысқан.
Соқтығысудан кейін BMW қарсы бағытқа ұшып кетіп, тағы бір Nissan көлігіне соғылған.
"Тексеру барысында BMW жүргізушісі бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған және оқиға кезінде мас күйде болғаны анықталды", – деп мәлімдеді департамент.
Жол апаты салдарынан Nissan мен BMW көліктерінің жолаушылары түрлі жарақат алған, біреуі ауруханаға жеткізілді.
BMW көлігі коммуналдық тұраққа қойылды.
"Астана қаласының полициясы жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, барынша мұқият болуды ескертеді", – делінген хабарламада.