Қазақстан жаңалықтары28 қараша 2023, 10:23

Асыл тұқымды арғымақты ұрлап, соғымға сойып алған

Қарағанды облысында таза араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Арғымақтың құны 1,5 млн теңге тұрған, - дейді Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы. 

Қарағанды облысы, Шет ауданы полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңге.

«Полиция қызметкерлері аталмыш іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азаматтар ұстады. Олар Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастаған. ҚР ҚК 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.

 

 

Қарағанды облысы асыл тұқымды жылқы соғым ұрлық

Тақырыпқа жаңалықтар