Атырау облысында қылмысқа күдікті күйеу бала өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына байланысты іс бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды. Енді оған екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы ғана емес, қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін де айып тағылып отыр, деп хабарлады Arbat.Media.

Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Атырау облыстық полиция департаменті мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптар кеңейтілді.

Енді оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен қатар, 13-тармағы – "бірнеше рет жасалған адам өлтіру" бабы да қосылған.

Сонымен бірге іс материалдарында бұған дейін айтылған басқа да қылмыстар сақталған. Атап айтқанда, 188-баптың 2-бөлігі бойынша – "алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық", сондай-ақ 190-бап – "алаяқтық" деректері қарастырылып жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, аталған эпизодтар марқұмдардың жеке мүлкін иемдену және олардың малын заңсыз сату фактілеріне қатысты.

Адвокат Абзал Қасымжанов бұл қылмыстарды саралаудағы құқықтық айырмашылықтарға түсініктеме берді.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде екі түрлі саралау белгісі қарастырылған: "екі немесе одан да көп адамды өлтіру" және "бірнеше рет жасалған адам өлтіру". Бірінші жағдайда әңгіме бір оқиға аясында бірнеше адамның өлтірілуі туралы болса, екінші жағдайда әртүрлі уақытта және әртүрлі жағдайда өлтіру туралы сөз болады", – дейді адвокат.

Атырау облыс Қылмыс Жаза

Тақырыпқа жаңалықтар