Балқаштағы алаңда түйе ойқастап, ер адамның үстіне шөге жаздады
Кеше, 22 наурыз күні Наурыз мерекесін тойлау кезінде жазатайым оқиға болды. Балқаш қаласының орталық алаңында түйе текіректеп, арбаға жегіліп тұрған кезінде шаба жөнелген, деп хабарлайды Arbat.media.
Алдын ала мәлімет бойынша, жетекші жануарды тоқтатуға тырысқан, бірақ шамасы жетпеген. Осылайша түйе ер адамды құлатып, таптап кете жаздады.
Қала әкімдігі Мәдениет сарайының жанында болған оқиға жайлы мәлімдеді.
"Түйемен серуендеуге жергілікті атқарушы органдардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз ұйымдастырылған. Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау және бағу ережелерін бұзу салдарынан түйе агрессия көрсеткен", – деп мәлімдеді әкімдік баспасөз қызметі.
Полиция жануар иесіне қатысты "Көріктендіру ережелерін бұзу" және "Мал жаю қағидаларын бұзу" баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырды.