Қазақстан жаңалықтары29 қараша 2023, 15:29

БҚО-да аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті

БҚО-да дауылпаз ақын, даңқты тұлға Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылым...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы  Kazinform жазды. 

Байқаудың бас жүлдесін қызылордалық Нұрайым Ерталап жеңіп алып, 1000 000 теңгені қанжығалады. Жеңімпаздарға өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйларын табыстаған БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жастардың бойына дарытып, жас ұрпақтың жан-жүйесін оятуда дәстүрлі өнердің алатын орны ерекше екенін, әсіресе, ғибраттық мәні бар идеяларды теріп айтатын термешілік өнердің өз биігі, өз тыңдаушысы бар екенін атап өтті.

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өткен байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады.

Алдымен Махамбет Өтемісұлына арнап жыр-толғау дайындады. Оған қоса тізім бойынша М.Өтемісұлының 10 шығармасын, яғни «Күн қайда?», «Әй, Махамбет, жолдасым!», «Тарланым», «Соғыс», «Еменнің түбі – сары бал», «Нарында», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Адыра қалған Нарынның», «Еңселігім екі елі», «Арғымақ, сені сақтадым» атты туындыларын жатқа білуі қажет. Жеребе бойынша осы шығармалардың біреуін орындады.

Екінші кезеңде үміткерлер өз қалауы бойынша Жиембет Бартоғашұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Марабай Құлжабайұлы, Кердері Әбубәкір, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын таңдады. Сонымен қатар Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанынан 20-30 минуттық үзінді орындады. 

Жыршы-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов байқау жыршы-термешілерге қолдау көрсету, көпшілікке рухани азық сыйлау әдеби тілді дамыту мақсатында өткізілгенін жеткізді.

Оның айтуынша, байқауда Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан 20-40 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынаған.

Бұған дейін республикалық байқаулардан бас жүлде, орын алған жыршы-термешілер аталған байқауда сынға түсе алмады. 

Қазылар алқасы шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударды.

Нәтижесінде, қызылордалық Нұрайым Ерталап бас жүлдеге (1000 000 теңге) лайықты деп танылды.

Жүлделі бірінші орынды (800 000 теңге) ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева иеленсе, екінші орынмен (700 000 теңге) жерлесіміз Сәтжан Ғалымжанов марапатталды.

Ал үшінші орын (500 000 теңге) қызылордалық Ұлдана Нұртуғанға берілді.

Махамбет Өтемісұлы атындағы арнайы жүлде (220 000 мың теңге) Маңғыстау облысынан келген Айсұлтан Есенғалиевке бұйырды.

Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлде (220 мың теңге) атыраулық Аманжол Дауылбаевқа, кәсіпкер Ермек Мәлікұлының арнайы жүлдесі (200 000 мың теңге) оралдық Темірлан Әкімжановқа берілді.

БҚО Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы жыршы-термешілер байқауы Тартынбай сөйлер асылым

Тақырыпқа жаңалықтар