Дәрігерлерге қол көтеріп, тіл тигізгендерге жаза күшейтіледі
Дәрігерлерге қол көтеріп, тіл тигізгендерге жаза күшейтіледі, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мәжіліс депутаттары дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында маңызды заң жобасын дайындады. Заң жобасы Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулерге қатысты болады. Шілде айында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистерге Қылмыстық кодекске жаңа 158-1-бапты енгізу ұсынылғанын айтқан болатын. Бұл бап медицина қызметкерлеріне қорқыту немесе күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастырады.
Атап айтқанда:
қорқыту әрекеті тіркелсе, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу
күш қолдану фактісі болса, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру
егер қылмыс төтенше жағдай кезінде жасалса, 10 жылға дейін
егер шабуыл бірнеше медицина қызметкеріне қарсы немесе топпен жасалса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді.
Мәжіліс талқылап жатқан заң жобасында бұл жазалар сол күйінде сақталып-сақталмағаны әзірге белгісіз.