Ер адам қайын әпкесін ұрамын деп сот алдында жауап берді

Жамбыл облысында туысқандар арасындағы жанжал қылмыстық іс қозғауға негіз болды. Ер адам қайынәпкесіне қол көтеріп, нәтижесінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Оқиға биыл сәуір айында болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адамның әйелі одан әпкесін ауруханаға апарып салуды сұрайды. Себебі, әпкесінің ұлы ауруханада жатқан болатын. Жол бойы әйел дәрігерлерге көңілі толмайтынын айтып, олардың балаға дұрыс қарамай жатқанын айтқан.

Ер адам бұл сөздерге жауап ретінде: «Басқаларды кінәламай, балаңа өзің дұрыс қара» деп ескерту жасаған. Осыдан кейін ашуға мінген әйел су құйылған бөтелкемен ер адамның желкесіне бірнеше рет ұрып жібереді.

Осы сәтте ер адам әйелді қолымен итеріп, басынан соққы алған. Сараптама әйелдің басынан жарақат алғанын растады.

Мойынқұм аудандық соты ҚР ҚК 109-1-бабының 1-бөлігіне (денсаулыққа жеңіл зиян келтірмейтін, бірақ тән ауруын тудыратын күш қолдану) сәйкес істі қарады.

Айыпталушы кінәсін толық мойындаған жоқ. Ол қайынәпкесін жол апатынан сақтау үшін ғана итергенін айтып, айыппұлмен шектелуді сұрады. Сот тараптардың айғақтарын және сараптама қорытындысын ескере отырып, ер адамды кінәлі деп таныды.

Жауапкершілікті жеңілдететін жағдайлар ретінде оның жартылай мойындауы, өкініш білдіруі және кәмелетке толмаған балаларының болуы ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен ер адамға 40 айлық есептік көрсеткіш (157 280 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енді.

Тараз жамбыл ер адам сот

Тақырыпқа жаңалықтар