Ер адамды әжетханада азаптаған 3 полицей елдің жағасын ұстатты
Жаңаарқа ауданының тұрғыны өзін үш полицей азаптағанын мәлімдеген. Кінәлілер жазасын алды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Осы істі Ұлытау облысының мамандандырылған аудандық соты қарады. Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлеріне үкім шықты.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылғы 14 тамызда түнде Жаңаарқа аудандық полиция бөлімі ғимаратының әжетханасында үш полицей ер адамды азаптап, әдейі орташа ауырлықтағы дене жарақатын салып, физикалық және психикалық азап келтірген.
«Сотта жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және басқа да заттай дәлелдер арқылы полицейлердің кінәсі дәлелденді» деп жазды соттың баспасөз қызметі.
Үшеуі де ҚР ҚК 146-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша – «Топтасып жасаған, адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіре отырып, қатыгез, адамгершілікке жат немесе ар-намысты қорлау, азаптау» бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Олардың әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылып, үш жылға мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.