Келесі жылы мүгедектігі бар жандарға төленетін жәрдемақы өседі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға қатысты жұмыстарға түсінік берді, деп хабарлайды Arbat.Media Sn.kz ақпарат порталына сілтеп.
Министрлік ақпаратына қарағанда, жәрдемақы мөлшері 2025 жылы 55 мың теңгеден 102 мың теңге аралығында. Жәрдемақының орташа мөлшері - 78 822 теңге.
– 2025 жылдан бастап мүгедектікті дәстүрлі әлеуметтік және медициналық модельдерден әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуін көздейтін Қазақстан Республикасында инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылып отыр. Жаңа модельді енгізу жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер сапасын арттыруға, экономикалық дербестік деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. Тұжырымдаманың 13 бағыты бойынша мемлекеттік органдар әкімдіктермен бірлесіп 52 іс-шара іске асырады, – деді В. Шегай Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Соның арасында 18 жастан асқан ересектер саны 630 мыңнан астам немесе 84 пайызы, ал мүгедектігі бар балалардың саны – 120 мың.