Киік ату тоқтатылды
Бұл жаңалықты жарықтық киіктер де естіп үлгерген бе дерсіз. Ақпанның 10-ы күні киіктерді ату тоқтатылды деген ақпарат шықты. Ал Астрахан ауданына қарасты Қалқұтан елдімекенінің тұрғындары ауыл маңына ақбөкендер келе бастағанын айтады. Бұл 11 ақпан күніне сәйкес келеді. Біз де көрдік. Аяз бен бораннан ыққан жануарлар тал-теректі паналап, қаннен-қаперсіз жайылып жүр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Елімізде санының өсуіне байланысты киіктер реттеуге жататын жануарлар тізіміне енгізілді. Бұл тізімге қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар кіреді. Тізімдегі жануарлардың саны адам денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығын қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында реттеледі. Бұйрық 2023 жылғы 6 қазаннан бастап қолданысқа енді. Сөйтіп, елімізде киіктерді «реттеу» басталды. Реттеудің реңі бұзылып бара жатқанын байқады ма, тіпті Парламенттегі ақ жағалылар да айқай салды: «Охотзоопром» қызметкерлері буаз киікті атпасын, табиғат заңын сақтасын» деп. О заман да, бұ заман буаз аңды қазақ атпаған. «Құланның ажалы» романында аңшы буаз киікті атқан, бірақ арты жақсылыққа апармағанын меңзеп еді...
Қош, сонымен депутаттардың сөзіне сала министрлігі құлақ асты ма, бұл науқан уақытша тоқтайтын болды. Бұған қатысты Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз жиынында біраз мәселе айтылды. Брифингке Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев, «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Марлен Айнабеков, «Табиғат» аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының президенті Қажым Жұмалиев қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
«Киік ресурстарын кәсіпшілік игеру тетіктерін анықтау үшін шектеулі реттеуді «Охотзоопром ӨБ» мамандарымен эксперименттік негізде жүргізу ұсынылады. Барлық реттеу кезеңінде табиғаттан алынған киіктердің жалпы саны 42 мың басты құрады. Бүгінде ғылыми қоғамдастықтың, халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын және қолайсыз ауа райы жағдайларын ескере отырып, министрлік осы жылдың 10 ақпанынан бастап киіктердің санын реттеу бойынша жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады», дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар киікті реттеу бойынша жұмыстың басталуы киік ресурстарын тұрақты пайдалануға ауқымды ғылыми зерттеулерге серпін бергенін, осылайша 2024-2026 жылдары киік популяциясын тұрақты пайдалану жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жоспарланып жатқанын айтты.
Спикерлердің айтуынша, киік аулау уақытша тоқтатылды. Оған қолайсыз ауа райы себеп болып отыр. Алайда бұл жұмыстар алдағы уақытта қайта жалғасады.
«Ғалымдардың есебі бойынша ел аумағында киіктердің оптималдық популяциясы – 800-900 мыңға дейін. Одан асса, ең алдымен, бір-бірімен бәсекелес болып, эпизотиялық аурудың жұғуы күшейіп, популяцияның бәрін жоғалтып алу қаупі зор. Екіншіден, киіктер ауыл шаруашылығына да орасан зиян тигізді. Бұл ретте шаруашылықты да ұмытпауымыз керек», дейді Д.Тұрғамбаев.
Киіктер популяциясына қатысты мәселе Орал өңірінде қатты күйіп тұрған. Жиында Орал және Бетпақдала популяцияларында қанша киік ауланғаны туралы да айтылды.
«Орал және Бетпақдала популяцияларындағы киік санының айтарлықтай көбеюін, сондай-ақ Қазақстандағы киікті аулаудың тарихи тәжірибесін ескере отырып, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен әзірлеген киіктер популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздемесіне сәйкес, 2023 жылы Орал популяциясының төлдеу алдындағы 20%-ына дейін, яғни 1 млн 130 мың бастан 226 мың бас және Бетпақдала популяциясының төлдеу алдындағы 15%-ына дейін – 745 300 бастан 111 795 бас аулау қарастырылды», деді М.Айнабеков.
Бұған дейін киіктерді әуесқой аңшылардың аулауына рұқсат беру мәселесі де айтылып келген еді. Бұған қатысты сұрақтарға да спикерлер жауап берді.
«Министрлік жергілікті халықтың өз қажеттіліктері үшін жиналған өнімді жеке тұтынуын қанағаттандыру мақсатында 2024 жылдан бастап киікті аулауда әуесқой аңшылыққа рұқсат беру қарастырылып жатыр. Айта кету керек, әуесқой аңшылық саласындағы қолданыстағы бес нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар тарапынан талқыланып, қабылданады», дейді министрлік өкілі.
Жиын барысында киік атудың келесі кезеңі қашан басталатынын сұраған БАҚ өкілдеріне: «Бұл туралы биологиялық негіздеме жазылады. Негіздемені ғылыми мекемелер жасайды. Сол кезде мерзімі, мезгілі анықталады. Биыл маусым-шілде айларына дейін негіздеме дайын болуы керек. Мамыр айында санақ өтеді. Сол санақ қорытындысы бойынша дайындалады», деп жауап берді Д.Тұрғамбаев.