«Көк бауыры езіліп, денсаулығы күрт нашарлаған»: Алматы облысында ақша дауы адам өлімімен аяқталды

Алматы облысына қарасты Боралдай кентіндегі дәмханалардың бірінде 10 мамыр күні қайғылы оқиға орын алып, жас жігіт қаза тапты, деп хабарлайды Arbat.Media Alash.kzсайтына сілтеме жасап.

Туыстарының мәліметінше, марқұм мен оның досының арасында 70 мың теңге көлеміндегі табысқа қатысты келіспеушілік туындап, соңы төбелеске ұласқан. Алдын ала болжам бойынша, жәбірленуші басынан ауыр соққы алып, ішкі құрылысы зақымдалғандықтан ауруханада көз жұмған.

Жақындарының айтуынша, оқиға кешкі сағат сегіз бен тоғыздың арасында болған. Соққының салдарынан жігіттің көкбауыры жарылып, денсаулығы күрт нашарлаған. Сонымен қатар марқұмның отбасы оқиғаның мән-жайын жасыру әрекеттері болуы мүмкін деп күмәнданады. Олар жедел жәрдем шақырылғанға дейін оқиға орнындағы қан іздері сүртіліп, зардап шегушінің киімі ауыстырылған болуы ықтимал деген нұсқаны алға тартып отыр.

Күдікті ретінде танылған екі азамат болған жағдайды жазатайым оқиғаға балап, жігіттің өздігінен құлап кеткенін айтып қорғануда. Алайда медициналық сараптама мен туыстарының уәждері бұл нұсқаға қайшы келіп тұр.

Қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Құзырлы органдар оқиғаның нақты себептерін анықтап, кінәлілердің жауапкершілігін нақтылау үстінде.

Алматы облыс Марқұм Ақша

Тақырыпқа жаңалықтар