Көктайғақтан аяқ-қолы сынғандар ауруханада жатыр
Ақтөбе көпсалалы ауруханасында көктайғақ кезінде көмек сұрағандар саны үш есе артқан. Бір тәулікте мұнда 150 адам келсе, оның 101-і тайып құлап, қолын, аяғын шығарып, сындырып алған. Бас-ми жарақатын алғандар да бар, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облыстық ТЖД-і 4-желтоқсан күні көктайғақ болатынын айтып, алдын ала ескерту жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Таңертең жұмысына асыққан ақтөбеліктер қанша сақтанғанымен, ауруханаға түсті.
- Көктайғақ салдарынан бір тәулікте 101 адам келді. Оның 48-іне жабық сынық диагнозы қойылды. Бас-ми жарақаты, ми шайқалуы да болды. Мұндай 11 адам бар. Жеңіл жараланғаны, денесі көгергені, терісін жырып кеткені де болды. Аяқ-қолы шығып кеткені де кезікті. Барлығы 17-і адам ауруханаға жатқызылды. Олардың сүйегі сынған болған соң жедел көмек көрсетілді. Ал саусағы, шынтағы сынғандарға гипс салынып, амбулаторлы түрде ем қабылдауға жіберілді. Олардың саны - 78,- деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Рахметова.
Сонымен бірге көктайғақта зардап шеккен алты науқас ауруханаға жатудан бас тартқан. Олардың кейбірі отбасына алаңдаса, кейбірі емнің өзге түрін қабылдамақ ойын айтқан.
- Кеше рентген, травпункт алдында кезек болды. Себебі өзге уақытта күніне ауруханаға 60-70 адам келсе, сол кезде 150 адам көмек сұрады. Оның 101-і тайғақ кезінде зардап шеккен. Бүгін жағдай қалыпқа келді,- деді Жұлдыз Рахметова.