Маңғыстауда құйынды дауылдан бірнеше нысан қирады
Құйын Қаражанбас кен орнында сағат 6 шамасында көтерілген. Жел екпіні қатты болғаны сонша, 40 тонналық контейнер бірнеше метрге ұшып кеткен. Аумағы 350 шаршы метр өрт сөндіру бөлімінің шатырын ұшырып әкетті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сондай-ақ өрт сөндірушілерді электр энергиясымен қамтитын трансформаторлық қосалқы станцияны орнынан жұлып құлатқан, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Сағат 05:58 шамасында кенеттен қатты жел тұрып, өрт сөндіру бөлімі ғимаратының төбесіне зақым келтірді. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын оқыту үшін пайдаланылатын газ-түтіннен қорғау қызметінің 40 тонналық контейнері зақымданды. Өрт сөндіру бөліміне электр қуатын беретін трансформаторлық қосалқы станция істен шықты»
Компания мәліметінше, оқиғадан адамдар зардап шеккен жоқ. Кен орнының жұмысына да кедергі келмеген. Қолайсыз күн райынан болған шығын көлемі есептеліп жатыр.