Марқұмның балаларына қалған үйі мен жерін әпкесі өзіне жаздырып алған
Алматы облысында алимент бойынша қарызы бар қайтыс болған борышкердің балаларға қалған мұрасы — үйі мен екі жер учаскесін марқұмның туған апайы заңсыз иемденген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Алматы облыстық прокуратураның мәліметінше, «Г» есімді азаматша заңсыз әрекетті балалардың қайтыс болған әкелерінің мүлкіне иелік етуге құқық беретін қорғаншылық және қамқоршылық органының келісімін қолдан жасаған.
«Балалардың құқығын қорғау және олардың болашағын қамтамасыз ету мақсатында облыс прокуратурасының талабы негізінде заңсыз әрекеттің күші жойылып, мүлік балаларға қайтарылды. Құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша жинақталған іс құжаттар полиция органына жолданды» деп хабарлады Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Жалпы Алматы облысында алимент өндіріп алу жұмысы шеңберінде балалардың алдындағы қарызы болғанына қарамастан сот орындаушыларының атқарушылық іс жүргізуді заңсыз тоқтатудың 50-ден астам фактісі анықталып отыр.
«22 сот орындаушысы жауапқа тартылып, алимент төлеуді қайта бастау жолымен 50 баланың құқығы қорғалды», — деп хабарлады прокуратурада.