Қазақстан жаңалықтары31 мамыр 2024, 12:34

Мәжіліс депутаты «тоғызқұмалақ» ойынының атын өзгертуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «тоғызқұмалақ» ойынының атауын өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа депутаттық сауалын жолдаған Гүлдара Нұрымова «тоғызқұмалақ» интеллектуалдық ойыны түркі халықтарының ортақ мұрасы екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл ойын көптеген елде белгілі болғанымен, оның кеңінен таралуына бірқатар мәселе кедергі келтіріп тұрғанын тілге тиек етті.

«Ойынның екі негізгі атауы белгіленді: қазақша – «тоғызқұмалақ», қырғыз – «тоғызқоргол», ішінара түрікше – «мангала/гечюрме». Қазақстан тарапы халықаралық жарыстарды ұйымдастырғанда ойынды «тоғызқұмалақ» деп атайды. Ал қырғыз тарапында «тоғызқоргол» атауы қолданылған. Түркі халықтарына ортақ ойын әлемдік аренада бірнеше атауға ие», деп түсіндірді депутат.

Ол бұл ойынның «тоғызат» деген ортақ атауы бар екенін атап өтті. Осы деректерді ескере отырып, мәжілісмен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ойынның атауын «тоғызқұмалақтан» «тоғызатқа» өзгертуді ұсынды.

Депутат Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен бірлескен шешім қабылдауға шақырды.

 

тоғызқұмалақ атауын өзгерту Гүлдара Нұрымова Ұсыныс

Тақырыпқа жаңалықтар