Министр Аида Балаева мәлімдеме жасады
Министр Аида Балаева Мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралуда. Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет.
Көбіне расталмаған «хайп қуған» деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс. Әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырамын. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын», - деді министр.