“Мүлікке таласқан”: Ер адам бұрынғы әйелін өлтіруге тапсырыс берген
Павлодарда ер адам қызғаныштан және мүлік дауларының кесірінен бұрынғы әйелін өлтіруге тапсырып беріп, бұл үшін 3 млн теңге төлеген. Абырой болғанда, әйел аман қалды, деп хабарлайды Arbat.Media POLITICO.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бүгін, 26 маусымда Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіруді ұйымдастыру, көмектесу және өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Сот деректеріне сай, 2024 жылдың басында Б. бұрынғы әйелі Г.-ға бақылау жасайтын адамды тауып беру үшін М.-ға жүгініп, сыйақы ретінде ол 1 миллион теңге төлеген. М. осы мақсатта Б.-ның шарттарына келіскен Д.-ны тапқан.
"Кейіннен Б. қызғаныш пен мүліктік мәселеге байланысты бұрынғы әйелін өлтіру үшін М. арқылы Д.-ны жалдаған. Сыйақы 3 000 000 теңгені құраған. 2024 жылғы 18 маусымда таңертең Д. Павлодар қаласы Баратбаев көшесінің бойымен жүріп келе жатқан Г.-ны күтіп тұрып, оны артынан қуып жетіп, оның кеудесіне және бетіне бірнеше рет пышақ сұғып алған. Алайда, бұрылыстан көлік шығып қалғандықтан, ұсталып қалудан қорқып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Уақытылы медициналық көмек көрсетудің арқасында Г. тірі қалған", - делінген сот хабарламасында.
Сотталушылардың кінәсі сотталушы Д.-ның алғашқы айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденген. Прокурор сотталушыларға 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны, ал жәбірленуші тарап ең жоғарғы жаза тағайындауды сұрады. Сот шешімімен, әр сотталушыға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ олардан жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 8,8 миллион теңгені құрайтын моральдық шығын мен өкілдің қызметі үшін өтемақы өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.