Қазақстан жаңалықтары11 сәуір 2024, 10:00

Олимпиадаға 100 күн: Елордада бұқаралық марафон өтеді

17 сәуірде Елордадағы «Астана» триатлон саябағында қала тұрғындары арасында «Олимпиадаға 100 күн» атты бұқаралық жүгіру шарасы өтеді. Айтулы шараға 5 шақырым қашықтықты бағындыра алатын барлық қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Жас шектеуі жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша айтулы бұқаралық жүгіру шарасы олимпиадалық қозғалысты насихаттау әрі олимпиадашаларымыз бен лицензия алуға үміткерлерімізді қолдау мақсатында өтпек, - деп хабарлайды Arbat.media.

«XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына ағымдағы жылдың 17 сәуірінде 100 күн қалады. Астана тұрғындары қатыса алатын бұқаралық шарасын өткіземіз. Ол спорттық жарыс емес, бұқаралық жүгіру. Барлық тұрғындар қатыса алады»,-дейді Астана қаласы әкімдігінің спорт шараларын өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов.

Тіркелу кезінде қатысушыларға лотерея билеттері таратылып бағалы сыйлықтар ойнатылады: велосипед, шлем, бөтелкелер.

Қатысушыларды тіркеу сол күні сағат 08.30-дан бастап өтеді. Мәреге жеткендерге финишер медалі беріледі. Сахна жанында қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өтеді.

 

Тақырыпқа жаңалықтар