Өртенген мәйіті табылған полицейдің отбасы туралы тың дерек шықты
Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу барысында жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Марқұмның жұбайы да бұған дейін полиция саласында еңбек еткен. Алайда ол биылғы ақпан айында қызметінен кеткен. Туыстарының айтуынша, майор Аслан Әлсеров отбасында жиі жанжал шығарып, әйеліне бірнеше рет күш көрсеткен. Әйелі денесіндегі жарақат іздерін көрсетіп, бірнеше мәрте Бостандық аудандық полиция басқармасына жүгінгенімен, бұл бойынша нақты шара қолданылмағаны айтылып отыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш қайтқан. Үйде ұстара жүзіне байланысты туған дау жанжалға ұласып, арты төбелеске айналған. Сол сәтте үйге ерлі-зайыптылардың 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы кірген. Тергеу нұсқасы бойынша, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан ауыр затпен соққы жасаған.
Одан кейін ес-түссіз жатқан ер адамның қол-аяғын киіммен байлап қойған. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер мәйітті түн ішінде көпқабатты үйдің ауласында тұрған көлікке шығарып, көрпеге немесе жаймаға орап алып кеткен.
Кейін көлік Алматы облысының Кеген ауданындағы ауылдардың бірі арқылы өтіп, Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан шамамен жарты шақырымдай тауға қарай жүрген. Тергеу болжамынша, мәйіт дәл сол жерде өртелген.
Қазіргі уақытта марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы күдікті ретінде қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр, ал оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда.