Павлодарда алтын концентратын өндіретін зауыт ашылды
Павлодардағы арнайы экономикалық аймақта «Құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды қайта өңдеудің гидрометаллургиялық цехы» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаға инвесторлар 930 млн доллар құйып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2028 жылдар, - деп жазады Kazinform агенттігі. Өндіріс іске қосылса, жаңадан 500 адамға арналған жұмыс орындары құрылады.
Өңір басшысы Асайын Байханов «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС өкілдерімен кездесіп, «Құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды қайта өңдеудің гидрометаллургиялық цехы» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарларын талқылады.
Асайын Байханов әлеуетті инвесторларды облыста бизнес жүргізудің артықшылықтарымен, сондай-ақ, өңірдің инвестициялық саясатымен таныстырды.
Атқарушы директор Виталий Несис аталмыш инвестициялық жоба шикізатты өңдеудің ең экологиялық қауіпсіз технологиясын қолданатын Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын екенін айтты.
Құрамында алтын, күміс, мыс бар концентраттарды қайта өңдеу бойынша екі кәсіпорын салу көзделіп отыр, онда озық технология — автоклавты шаймалау пайдаланылатын болады.Негізгі өнімі алтын-күміс қорытпасы болып табылатын өндіріс өңірде орналасатын болады, одан кейін тазарту және «Бағалы металдар туралы» Заңға сәйкес ҚР Ұлттық банкіне өткізу үшін аффинаж зауыттарына жіберіледі.
Инвестициялық жоба «Павлодар» АЭА аумағында 227,9 гектарда іске асырылып жатыр. Барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Инвестиция көлемі — 930 млн доллар (465 млрд теңге). Өндіріс көлемі — жылына 300 мың тонна концентрат, оның ішінде жылына 15 тонна алтын.