Павлодарда үйлерін су басқан отбасыларға жаңа баспана тұрғызыла бастады
Демеушілер қаражаты есебінен Жалаулы ауылында 5 жеке үйдің құрылысы басталып та кетті. Тағы 9 үйдің иелері баспаналарын жөндеуге ақшалай өтемақы алды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды жедел түрде өтеуді және олардың тұрғын үйлерін қалпына келтіруді тапсырғаны мәлім.
Павлодар облысында су тасқыны бойынша жағдай тұрақталып, елді мекендерге келтірілген залалды есептеу, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құтқарушылар күні-түні еңбектеніп, үлкен қазаңшұңқырлар қазып, елді мекенге кірген судың біраз бөлігін ағызып жіберді. Жағдай дұрысталған соң аталған Жалаулыдағы төтенше жағдай алынып тасталды.
Жалаулы ауылында су тасқынынан 14 үйге зақым келген. Арнайы комиссия 5 үйді жөндеуге келмейді деп танып отыр.
- Мұндағы су басқан 9 үйдің иесі толық ақшалай өтемақы алды. Ал жөндеуге келмейтін апатты жағдайдағы 5 үйдің иесі осы жазда жаңа баспанаға қоныстанатын болады. Олар үшін жаңа 5 тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Үйлерді салу бойынша барлық шығындарды ERG тобы өз мойнына алды. Құрылысты 3 айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр,-деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Өңір басшысының айтуынша, ауылда үш қазаншұңқырдың құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, шілде айының соңына дейін Жалаулыда 6 шақырым бөгет салынады. Бұл шаралар ауылды қарғын су басу мәселесін біржола шешуге арналған.