Павлодардағы спорт мектептерінде 10 млн теңге ұрланды
Павлодар прокуратурасы өңірдегі спорт нысандарына тексерулер жүргізді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені анықталды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген. Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.
Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықа тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені белгілі болды.
Спортшыларды жоқ қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған шарттар жасалып, нәтижесінде келтірілген залал 2,8 млн теңге болды.