Перезентханда еденге құлап кеткен нәресте көз жұмды
Алматы облысының Қаскелең қаласында қайғылы оқиға болды. Жаңа туған нәресте еденге құлап, бірнеше күннен кейін көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға туралы 2026 жылғы 21 маусымда босанған әйелдің әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды.
«Кеше мен бес күндік жиенімнен айырылдым. Босанатын әйелді зембілмен емес, мүгедектер арбасымен босану бөліміне апарған. Соның салдарынан сәби құлап кеткен», – делінген жазбада.
Автордың айтуынша, әйелге кесарь тілігі жасалуы тиіс болған, алайда сол күні толғағы кенеттен басталған.
«Босану палатасын іздеп оны дәлізбен алып бара жатқан кезде ол арбада босанып қалды. Нәресте анасының құрсағынан шыға салысымен қозғалыс үстіндегі арбадан еденге құлаған» – деп түсіндірді босанған әйелдің туысы.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін дәрігерлер нәрестені құтқару немесе оған көмек көрсету үшін ешқандай шара қолданбаған.
«Олар баланың жағдайы жақсы екенін айтып, оны анасына берген. Келесі күні сәби тамақ ішпей қойды, әрең тыныс ала бастады. Содан кейін оны шұғыл түрде басқа ауруханаға операция жасау үшін ауыстырды. Өкінішке қарай, бала аман қалмады. Басқа аурухананың дәрігерлері бізге баланың жарақатпен түскенін айтты. Ал енді перзентхана өздерінің салғырттығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр. Бар кінәні босанған әйелдің өзіне артуда. Біз барлық тиісті мекемелерге арыз жазамыз. Бірақ соған қарамастан, босануға дайындалып жүрген барлық әйелдерді сақ болуға, қырағы болуға шақырғым келеді» – делінген жазбада.