“Президент тапсырмасы”: Премьер-министр медицина қызметкерлеріне шабуылдағандарға жазаны күшейтуге 10 күн уақыт берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту жөніндегі шаралар кешенін дайындайтын болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді.
Жиынға премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.
Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне дереу шара қолдануды тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын», - деді премьер-министр.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алыныпты.