Қарағанды – Алматы тасжолындағы жол апатынан 7 адам көз жұмды
Бүгін сағат 10:00 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды – Алматы» автомобиль жолының 1510 шақырымында («Қарағанды-Балқаш» учаскесі, Жұмабек ауылының маңы) қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Жол апатынан 7 адам мерт болды. Мәлім болғандай, Toyota Alphard маркалы автокөлік жүргізушісі Алматыдан Қарағандыға қарай қозғалып келе жатып, жолдан шығып кетіп, көлік жол жиегіне аударылған, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Жүргізуші мен 6 жолаушы, оның ішінде екі бала оқиға орнында көз жұмды. 12 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», — делінген Қарағанды облыстық ПД хабарламасында.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы тексерістен кейін жол апаты туралы пікір білдірді.
«Тексеріс барысында жолдың учаскесі нормативтік талаптарға сай екені анықталды. I-б техникалық санаттағы жолдың әр бағытында екі қозғалыс жолағы бар, жолдың ортасында қоршау орнатылған. Жол жабындысы тегіс, асфальтбетоннан жасалған. Осы учаскеде көріну деңгейі шектелмеген, жүріс бөлігі таза болған. Жол белгілері мен қозғалысты ұйымдастыру әкімшілік полиция басқармасымен келісілген. Оқиға кезінде ауа райы бұлтты, қар түріндегі аздаған жауын-шашын болған», — делінген компания хабарламасында.