Қазақстандық екі боксшы әлемнің үздік спортшысы атанды

Халықаралық World Boxing федерациясы 2025 жылдың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Нәтижесінде қазақстандық боксшылар үздік атанды. World Boxing нұсқасы бойынша, ерлер арасындағы «Жылдың үздік боксшысы» атағы Махмұд Сабырханға бұйырды. Ал әйелдер арасында 2025 жылдың үздік боксшысы деп Наталья Богданова танылды.

Сонымен қатар Махмұд Сабырхан мен Аарон Джуд арасындағы жекпе-жек 2025 жылдың «ең үздік айқасы» атанды. Бұл номинациядағы жеңімпаз жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықталған. Федерация дерегінше, бұл айқас басқа үміткерлермен салыстырғанда үш есе көп лүпіл жинап, көрермендер нұсқасы бойынша маусымдағы «ең тартымды жекпе-жек» деп танылған. Дауыс беру қорытындысы бойынша, Махмұд Сабырхан 323 мыңнан астам лүпіл жинап, қарсыластарынан басым түсті. Байқауда бәсеке жоғары болды, себебі финалға шыққан бес үміткердің төртеуі 150 мыңнан астам лүпіл жинаған.

Ал Богданова дауыс беру қорытындысы бойынша сенімді түрде бірінші орынға шығып, ең жақын қарсыласы — норвегиялық Суннива Хофстадты айқын басып озды. World Boxing-тің world.boxing.events Instagram-парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, әлем чемпионы әрі 2025 жылы Астанада өткен Әлем кубогының жеңімпазы қарсыласынан 15 мың дауысқа көп жинаған.

спорт бокс үздік халықаралық

Тақырыпқа жаңалықтар