Қырғызстанда көз жұмған қазақстандық боксшы туралы тың дерек шықты
Шымкенттік 21 жастағы спортшы Ибрагим Ирисматовтың Қырғызстандағы Ыстықкөлде демалыс кезінде суға батып кеткені туралы ақпарат желіде таралды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Otyrar.kz мәлімдеуінше, оқиға орнына жақын маңда 22 жасқа дейінгі қазақстандық боксшылардың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан. Осыған байланысты оқиғаның ресми жиынмен байланысы бар ма деген сұрақ туындаған.
Шымкент спорт басқармасы Ибрагим Ирисматовтың Шымкенттегі Кәсіби бокс клубының тәрбиеленушісі болғанын растады. Алайда оның ұлттық құраманың Ыстықкөлдегі ресми жаттығу жиынына еш қатысы болмағанын мәлімдеді.
"Жас жігіт Қырғызстанға жеке қаражатына демалу үшін барған. Ол ұлттық құрамадан бөлек, басқа демалыс базасында тұрған", – деді басқарма өкілдері.
Қазақстан бокс федерациясы да қайғылы оқиға кезінде ұлттық құраманың жоспарлы жаттығу жиынында болғанын растады, бірақ Ирисматовтың жиынға қатыспағанын нақтылады. Федерация бұл оқиғаның команда дайындығына еш қатысы жоқ екенін баса айтты.