Семейде балаларын мектепке жібермейтін отбасы жауапкершілікке тартылды
Семей қаласында ата-анасының діни ұстанымдарына байланысты үш баланың мектепке бармай жүргені анықталды, деп хабарлады Arbat.Media.
Бұл туралы Абай облысының прокуратурасы хабарлады.
Қалалық прокуратура «Отбасының цифрлық картасы» аясындағы тексеріс кезінде міндетті орта біліммен қамтылмаған төрт баланы тапқан. Соның ішінде 8 бен 13 жас аралығындағы үш бала ата-анасының көзқарасына байланысты оқу орнынан тыс қалған. Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдар әр баланың білім деңгейін тексеріп, кейін оларды мектепке қабылдады. Балалардың анасына әкімшілік жаза қолданылып, жауапты лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар берілді.
Бұдан бөлек, психикалық дамуы тежелген 9 жасар баланың да құқығы қорғалмай келгені белгілі болды: мүгедектік ресімделмеген, сондықтан ол да мектепке бармаған және арнайы білім алмаған. Прокуратура араласқаннан кейін бала психикалық денсаулық орталығына стационарлық тексеруге жіберіліп, ресми қорытынды алу және алдағы оқу бағытын белгілеу мүмкіндігі жасалды. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.