Солтүстік Қазақстанда 2400 үйді су басқан
Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай әлі күрделі. Жалпы облыс аумағында 12 235 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 2 919-ы - бала. Тәулік ішінде 2 947 адам, оның ішінде 488 бала эвакуацияланған. Әзірге тек 44 адам үйіне қайтып барған. Өңірде 3 590 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірілген, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 149 % толып, су бөгет шыңынан 2 метр 61 сантиметр асты. Тәулік ішінде 9 сантиметр төмендеді. Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп келеді. Өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елдімекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басу деректері тіркелген. Қазір облыста 2401 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан.Тасқынның негізгі толқыны Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное кенттеріне келді. Бұл елдімекендерде 565 үйді су басып, 2 287 адам эвакуацияланды. Соңғы тәулік ішінде су Большая малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка елді мекендеріне кіріп, 317 үйді су басты, 1562 адам эвакуацияланды. Су деңгейі әсіресе Петропавл қаласында көтеріліп тұр. Алайда жуыр маңда біртіндеп түседі деп отырмыз», - деді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.