Сот емес, сотсымаққа айналып барады: Бишімбаевтың адвокаты судьямен дауласып қалды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы тараптардың дау-дамайына ұласты. Осы ретте судья Айжан Құлбаева сот процесін уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
— Мен сіздің әрекеттеріңізге тағы да қарсылық білдіруге мәжбүрмін. Сіз сотталушының сөйлеуіне, сұрақ қоюына мүмкіндік бермейсіз. Бұл біржақты процесс сияқты. Сот емес, сотсымаққа айналып барады. Барлығы Бишімбаевқа қарсы, — деді Ерлан Ғазымжанов сотта.
Судья адвокаттың сот отырысы барысында бірнеше рет ескерту алып, сотқа құрметсіздік танытуына байланысты жеке сот қаулысы шығарылатынын мәлімдеді.
Судья Айжан Құлбаева кеңесу бөлмесінен шыққаннан кейін төмендегідей мәлімдеме жасады.
«Аталған қылмыстық іс бойынша кәсіби міндеттерін атқару кезінде адвокат Ғазымжановқа қатысты жеке қаулы шығарылды. Қаулы Астана қаласы адвокаттар алқасының төралқасына жолдансын. Республикалық адвокаттар алқасы қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімнен кешіктірмей жеке шешім шығарған сотқа хабарласын», - деді судья.
Сондай-ақ, судья алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін процеске қатысушылар қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын мүлтіксіз орындауға, эмоцияларын реттеуге және төрағалық етушінің бұйрығына бағынуға тиіс екенін жеткізді.