Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 2025 жылғы шілдедегі жұмыс қорытындысы жарияланды
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 2025 жылғы шілдедегі жұмыс қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Arbat.Media.
2025 жылғы шілде айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша 17 құқық бұзушылық фактісін тіркеді. Олардың қатарында билікті асыра пайдалану, пара алу мен беру, алаяқтық, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану және басқа да құқық бұзушылықтар бар.
Айдың қорытындысы бойынша сотқа 16 қылмыстық іс жолданды. Бұл істер негізінен пара алу және беру, алаяқтық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру және қылмысты жасыру сынды әрекеттерге қатысты болды.
Тергеу барысында мемлекетке келтірілген 113,6 миллион теңге көлеміндегі залал өтеліп,619,1 миллион теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған екі адамға 471 мың теңгеден астам сыйақы төленді.
ҰҚК бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.