Шымкент: Мектепте оқушылар газ шашып, бірнеше бала уланды
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары9 қазан 2024, 10:34

Шымкент: Мектепте оқушылар газ шашып, бірнеше бала уланды

Шымкентте мектеп оқушылары кабинеттерге көз ашытатын газ шашып, бірнеше бала уланды. Оқыс оқиға «Зере» деп аталатын жекеменшік мектепте болған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Айдос Жұмабай, 8-сынып оқушысы:

— Екі қыз бен төрт ұлда газ шашатын баллон болған. Әр сыныпқа сеуіп-сеуіп шыққан. Сосын бәрі далаға қашып кеткен. Екі қыз, мұғалім талып қалды. Оны да бір ағай көтеріп алып шықты. Талып қалған оқушылар тұрмай жатқан соң, жедел жәрдем шақырды.

10-сынып оқушылары сабақ үстінде бірнеше сыныпқа газ шашып, есігін қымтап тастаған. Соның салдарынан оқушылар мен ұстаздар уланған. Тыныс алуы қиындап, көзі жасаурағандар жаппай тала бастағанда жедел жәрдем шақырған. Жеңіл және орташа дәрежеде уланған он оқушыны ауруханаға жеткізді. Қазір үш ұл мен жеті қыздың жағдайы тұрақты. Ал у шашып ойнаған тентек оқушылар ата-анасымен бірге полиция басқармасына жеткізілген. Қазір сабағы уақытша тоқтатылған жеке мектеп зарарсыздандырылып жатыр. Ал уланған оқушылардың ата-аналары аурухананың алдын торуылдап жүр.

Мәдина Ермаханбетова, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері:

— Бірінші кезекте оттегі терапиясынан бастап, барлық ем жасап, анализ алдық. Қазір жағдайы жақсы. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін, бақылауда болған соң, олармен психологтар жұмыс істейді.

Шымкент Мектеп Улану газ

Тақырыпқа жаңалықтар