Шымкентте қызды пышақтап өлтірген күдікті танымал блогерлердің туысы болып шықты
Қазақстандық танымал блогерлер Кәмила Әділхан мен Мағжан Аймаханов Шымкентте болған жантүршігерлік қылмысқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Блогерлер ең әуелі қаза тапқан Нұрайдың ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Сонымен қатар олар күдіктінің өздеріне туыстық қатысы бар екенін растады.
– Барлығыңыздың қойып жатқан сұрақтарыңыз – Шерхан Аймаханның сендерге қандай қатысы бар? Иә, Шерхан менің әкемнің інісінің баласы. Біздің туысымыз, – деді Мағжан Аймаханов.
Блогерлер сот процесі әділ өтуі керек екенін айтып, қылмысты ешбір жағдайда ақтамайтынын жеткізді.
– Сот және ондағы жаза бойынша біз де бәрінің әділ өткенін қалаймыз! Бірақ, өкінішке қарай, қанша жылға сотталып кетсе де, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орыны толмайды, – деді олар.