Шымкенттің экс-әкімі жаңа қызметке тағайындалды
Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов біраз уақыттан бері көрінбей кеткен еді. Күні кеше бұрынғы әкім Түркістан облысында 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ электр станциясын салу мәселесі бойынша жұмыс кездесуінде бой көрсетті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Іс-шарадан фотосуреттер мен бейнелер ccgt_turkistan Instagram-парақшаға жүктелді. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ-ға еншілес «Turkestan CCGT» ЖШС-нің ресми парақшасы. Жазбада «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ Басқарма төрағасының операциялар жөніндегі орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов және компания басшылығы құрылыс алаңына жұмыс сапарымен барып, стратегиялық жобаның барысын қарап шыққаны айтылған. Алайда, компанияның ресми сайтында жаңа тағайындалу туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Кейінірек «Самұрық-Қазына» қоры ресми ақпарат берді. Ғабидолла Әбдірахымов 2025 жылғы 29 желтоқсаннан бастап «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының пайдалану мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған екен.
Ғабидолла Әбдірахымов 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әр жылдары Шымкент қаласының әкімі, Премьер-Министрдің кеңесшісі, Мәдениет және спорт вице-министрі қызметтерін атқарған.