Танымал қазақстандық блогер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Астанадағы танымал блогер Жанабыловтар отбасына қатысты тағы бір заңбұзушылық табылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arbat.Media. 

Бұл жолы қылмыстық жауапкершілік пен қаражатты заңдастыру (жылыстату) күдігіне қатысты болып отыр.

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты жағдай бүгін де өте шиеленісті күйінде қалып отыр. Отбасының адвокаты Жасұлан Рахымғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыптылардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған, бұл заңсыз кәсіпкерлік қызметпен байланысты.

«Біз белгілі бір деңгейде қорғау жұмыстарын жүргіздік, соның нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тағы бір, анағұрлым ауыр бап қозғау қажет деген қорытындыға келді. Қазір Жанабыловтарға ақша қаражатын заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылып отыр. Бұдан бөлек, бүгін біз істің ішінде прокурордың талап-арызы пайда болғанын білдік: яғни ол мемлекет мүддесі үшін қарапайым азаматтардан жиналған ақша қаражатын өндіріп беруді қалайды. Прокурордың пікірінше, бүгіннен бастап бұл қаражат мемлекеттік қаражат болып саналады. Бұл жағдайдағы ең қорқынышты әрі қауіпті нәрсе — қазір Жанабыловтарға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр. Қайсысы қолданылатыны әзірге бізге белгісіз», — деді адвокат Жасұлан Рахымғалиев..

Сондай-ақ ол қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) туралы бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтінін қосты.

блогер Заң сот Ақша

Тақырыпқа жаңалықтар